5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары: күрес түрлерінен ҚР ұлттық құрамалары соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізуде

05 Қыркүйек 2024
5 қыркүйек күні Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында күрес түрлерінен ҚР ұлттық құрамаларының 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына дайындық аясында БАҚ өкілдеріне арналған ашық жаттығу ұйымдастырылды.

«Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК-ның ұйымдастыруымен өткен ашық жаттығуға қазақ күресі, алыш, кураш, аштырмалы аба күреши және көрәш спорт түрлерінің өкілдері қатысты. Ұлттық құрама мүшелері соңғы дайындықтары мен оқу-жаттығу жиындарына үлкен жауапкершілікпен келген.

Алдағы жоспарларларымен бөліскен қазақ күресінен ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Ғани Келдіқұловтың айтуынша, балуандардың кешенді ойындарға деген дайындықтары мығым.

«5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында қазақ күресінің 16 балуаны 16 салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайды. 
Спортшыларымызды жыл бойы іріктеуден өткізіп, ең үздіктерінен құрам жасақталды. Бүгін Жекпе-жек спорт кешенінде бастаған оқу-жаттығу жиынымыз 7 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы Көшпенділер ойыны біз үшін ұлттық спорттың бір Олимпиадасы сияқты. Бұл кешенді ойындарға көптеген шетелдік спортшылар келіп, жеңіске жетуге ниетті. Атап айтқанда, соңғы жылдары өзге елдің спортшыларының төл күресімізге деген қызығушылығы артып, отандық балуандарға жоғары бәсеке көрсетуде. Десе де жарыс кезінде балуандарымыздың жеңіс үшін барлық мүмкіндіктері мен шеберліктерін ортаға салатынына сенімдіміз», – дейді Ғани Келдіқұлов.

Бір атап өтерлігі, бұған дейін өткен барлық оқу жаттығу жиындары Астана қаласының Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы ғылыми тобының сүйемелдеуімен өткен болатын. Академияның ғылыми тобы 2023 жылғы 11 шілдеде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға ие болған. «Қазақ күрес спортшыларының оқу процесін дербестендірілген тәсілмен ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету» тақырыбындағы бұл жоба аясында сала мамандары қазақ күресінен ҚР Ұлттық құрама командасының спортшыларына педагогикалық және медициналық-биологиялық бағыттағы бірқатар ғылыми зерттеулерді жүргізіп, жаттықтырушыларға тиісті кеңестерін беруде.
Бапкерлік құрамның шешімімен келесі балуандар 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайды:

Ерлер: 
  1. Төлепов Бекжан (55 кг, Жетісу обл.),
  2. Берекетов Мейіржан (60 кг, СҚО),
  3. Тұқышев Дидар (66 кг, Абай обл.),
  4. Қожамбеков Жұмажан (74 кг, Шымкент қ.),
  5. Сейітқазынов Ерсін (82 кг, Абай обл.),
  6. Жанатаев Ерасыл (90 кг, Алматы қ.),
  7. Мұзаппаров Ерсұлтан (100 кг, Шымкент қ.),
  8. Жарылғапов Нұрдәулет (+100 кг, Маңғыстау обл.).
Әйелдер: 
  1. Жылқыбаева Айжан (48 кг, Түркістан обл.),
  2. Азаматова Назерке (52 кг, Ақтөбе обл.),
  3. Нұрмахамметова Рауза (56 кг, Жамбыл обл.),
  4. Құсақбаева Бақыт (60 кг, Ақтөбе обл.),
  5. Сарипова Зарина (65 кг, Абай обл.),
  6. Нысантайқызы Роза (70 кг, Абай обл.),
  7. Файзолланова Зәмзәгүл (77 кг, Шымкент қ.),
  8. Бахиева Альбина (+77 кг, Шымкент қ.).


Ал Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосыновтың айтуынша, алдағы кешенді ойындарда қазақ күресінің балуандарының 9 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алатын әлеуеті бар.

«5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына қатысатын спортшылар әділетті іріктелді. Жарыс барысында қазақ күресінің белдесулерін төрешілер алқасының төрағасы Қайрат Пазылбек және басқа да шетелдік мамандар төрешілік жасайды. Бүгінгі таңда кешенді ойындар аясында өтетін қазақ күресінің жарысына 46 мемлекеттен өтініш келіп түсті. Ұлттық құрама балуандарының басты қарсыластары – Өзбекстан, Грузия, Әзірбайжан, Ресей, Моңғолия елдерінің балуандары. Соңғы жылдары бұл елдердің спортшылары өте жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Алдағы жарысқа рейтингтік додаларда үздіктер қатарынан көрініп жүрген спортшылар келеді. Яғни, бәсекелестік өте жоғары болмақ. Дегенмен, балуандарымыз жоспарланған жүлделерді алады деген сенімдеміз», – дейді Дамир Әсенғазыұлы.

Еске сала кетейік, 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары Астана қаласында 8-13 қыркүйек күндері аралығында өтеді. Қазақ күресінің жарысы 9-10 қыркүйек күндері Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді деп жоспарланған.