«Қазақстан Барысы – 2025» турнирінің балуандары салмақ өлшеу рәсімінен өтті
17 Қазан 2025
Поделиться
1
2025 жылдың 17 қазан күні Астана қаласындағы «Damu Mall» сауда орталығында қазақ күресінен өтетін «Қазақстан Барысы – 2025» республикалық турнирінің қатысушылары салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Бұл ертең өтетін үлкен финал алдындағы шешуші сәттің бірі.
Салмақ өлшеу қорытындысы бойынша ең ауыр палуан атағы Маңғыстау облысының өкілі Нұрдәулет Жарылғаповқа бұйырды. Лақап аты – «Қара бура». 30 жастағы спортшының салмағы 167 келі. Нұрдәулет – Әлем және Азия чемпионы, Қазақстан, Азия және Әлем кубоктарының жеңімпазы, сондай-ақ «Қазақстан Барысы» турнирінің күміс жүлдегері.
Жасы ең үлкен қатысушы – Абай облысынан келген Саят Шамшиев. Лақап аты – «Болатшы». 37 жастағы палуанның салмағы 118 келі. Ол – 2010 жылғы Әлем чемпионы және өткен жылғы «Қазақстан Барысы – 2024» турнирінің қола жүлдегері.
Биылғы турнирдің ең жас балуаны – Ақтөбе облысының намысын қорғайтын Әмірбек Рахимов. 20 жастағы спортшының лақап аты – «Жас барыс». Салмағы 105 келі. Ол Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері және «Жас барыс» турнирінің жеңімпазы.
Ал ең жеңіл салмақтағы балуан – Абай облысының өкілі Ерсін Сейітқазынов. Лақап аты – «Алакөл қыраны». Салмағы небәрі 91 келі. Ерсін – Әлем және Азия чемпионы, Қазақстан кубогының жеңімпазы.
Салмақ өлшеуден кейін балуандар жанкүйерлермен кездесіп, журналистердің сауалдарына жауап берді.
Маңғыстау облысының палуаны, ең ауыр салмақ иегері Нұрдәулет Жарылғапов өз ойымен бөлісті: Бұл турнир мен үшін ерекше. «Қазақстан Барысына» сегізінші рет қатысып отырмын. Бұған дейін екі рет күміс алғанмын, енді алтын белбеуді мақсат еттім. Барлық палуан жақсы дайындықпен келді, барлығымыздың мақсатымыз «Тайтұяқ». Салмағым өткен жылмен салыстырғанда сәл артқанымен, бұл жарысқа әсер етпейді деп ойлаймын. Ең бастысы – бақ пен бабтың қатар келуі. Барша жанкүйерлерді бізге қолдау көрсетуге шақырамын.
Турнирге еліміздің барлық облыстары мен ірі қалаларындағы іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары қатысады. Сонымен қатар өткен жылғы «Қазақстан Барысы – 2024» турнирінің жеңімпазы Ерасыл Қажыбаев және «Әскер Барысы» сайысынан екі спортшы додаға қосылады.
Биыл бозкілемге шығатын жалпы қатысушылар саны – 43 балуан.
Ертең, 18 қазан күні сағат 12:00-деАстанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін финал – нағыз ұлттық спорт мерекесіне айналмақ.
Еліміздің ең мықты балуандары бозкілемде белдесіп, жанкүйерлерге тартысты сәттер сыйлайды.
Турнир жеңімпазы «Қазақстан Барысы – 2025» атағын иеленіп, ел мақтанышы саналатын «Алтын белбеу» мен алтын «Тайтұяқтың» иегері атанады.
Биылғы жарыстың жалпы жүлде қоры – 27 миллион теңге. Билеттер ticketon.kz сайтында қолжетімді. Ұлттық күресті бірге қолдап, қазақ рухын бірге көтерейік!
Бас серіктестер: «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Sport Qory» қоры