АСТАНАЛЫҚ БАЛУАНДАРДЫҢ ЕНШІСІНДЕ 3 АЛТЫН, 1 КҮМІС, 2 ҚОЛА МЕДАЛЬ!

11 Қазан 2024
Елорданың бес балуаны Қостанай облысының орталығы – Қостанай қаласында өткен ақын, әдебиет зерттеуші ғалымы, публицист, педагог, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлын еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнирде үздіктер қатарынан көрінді.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы және Sport Qory cпортты қолдау қорының демеушілігімен өткен республикалық турнирдің барысында 160 спортшы 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және +100 келі салмақ дәрежесі бойынша кіл мықтыны анықтаған болатын.

Ұлт ұстазы, қазақ халқының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлын еске алуға арналған дәстүрлі турнирге Астана мен Шымкент қалаларының, Алматы, Абай, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Жетісу, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының спортшылары қатысты.

Тартысты өткен доданың нәтижесінде Диас Дәулет (55 келі), Ержан Еренқайыпов (66 келі) және Жандос Сейтенов (Түйе балуан) алтыннан алқа тағынды. Сағындық Әшім (66 келі) күміс медальға ие болса, Қажымұхан Төре (100 келі) және Бекзат Алтынбеков (Түйе балуан) үздік үштікті түйіндеді.

Республикалық турнирдің қорытындысы бойынша барлық жеңімпаз-жүлдегерлер медальдармен және грамоталармен марапатталды.

Айта кетсек, Ахмет Байтұрсынұлы XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, ұлт ұстазы.