ҚАЗАҚ КҮРЕСІ – БАСЫМДЫҚҚА ИЕ СПОРТ ТҮРІ: ЖОҒАРЫ ЖЕТІСТІКТЕР СПОРТЫНЫҢ ЖАҢА ТІЗІМІ БЕКІТІЛДІ

11 Қазан 2025
1
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі жоғары жетістіктер спорты түрлерінің тізімін бекітті. Жаңартылған тізімге Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Азия пара ойындарының бағдарламасына енген 65 спорт түрі, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері енгізілді.

Атап айтқанда, қазақ күресі – ұлттық мақтанышымыз әрі тарихи мұрамыз ретінде басым спорт түрлерінің қатарынан орын алды. Бұл – отандық спорт саласындағы маңызды қадамдардың бірі. Енді қазақ күресі еліміздің спорт саясаты мен даму басымдықтарының нақты бір бөлігіне айналып отыр.

Аталған спорт түрлерін қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджет есебінен басым тәртіппен жүргізіледі. Қаражат спорт резервін даярлауға, спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуына, оқу-жаттығу жиындарына, спорттық іс-шаралар өткізуге және спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталады.

Атап айтсақ, жалпы саны 65 спорт түрінің ішінен 46 спорт түрі басым ретінде белгіленді. Оның ішінде 11 ұлттық спорт түрі, соның ішінде қазақ күресі де бар.

Қазақ күресі – тек ұлттық спорт түрі емес, бүгінде халықаралық деңгейде дамып келе жатқан бәсекеге қабілетті спорт түрі. Осы шешім оның әрі қарай дамуына, жастар арасында кеңінен насихатталуына және әлемдік аренада танымал болуына үлкен серпін береді.

«Qazaq kuresi» Ассоциациясы бұл шешімді отандық спорттың тарихи дамуына жасалған маңызды қадам деп санайды және қазақ күресін әлемдік деңгейге шығаруға бағытталған жұмысын одан әрі жалғастырады.

Заң жобасына маңызды өзгерістер енгізілді:

- Спорттың ойын түрлері бойынша кәсіби клубтарды қаржыландыруға лимит белгілеу;
- Қазақстан азаматы емес спортшыларды бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салу;
- «Басым спорт түрлері» ұғымын нақтылау және олардың өңірлік тізімін бекіту;
- Спорт федерацияларына діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын қабылдау міндетін енгізу;
- Спорт федерацияларын аккредиттеу талаптарын күшейту;
- «Мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші» ұғымын енгізу;
- Спорттық ұйымдар басшыларын ротациялау;
- «Спорттық дайындықтың ұлттық стандарттары» ұғымын енгізу.

Министрлік тарапынан қолға алынған бұл реформалар еліміздегі спорт саласын жүйелі дамытуды және ұлттық спорт түрлерінің, соның ішінде қазақ күресінің мәртебесін көтеруді көздейді.