Қазақ күресінен ел чемпионаты – Шымқала төрінде!

12 Қараша 2025
Қазақтың рухын көтеріп, ел намысын асқақтатар айтулы дода – қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты биыл Шымкент қаласында өтеді.

Ежелгі баба спортының еңсесін биіктетіп жүрген балуандардың басты сайысы қарашаның 24-і мен 27-сі аралығында «Жеңілатлетикалық манеж» спорт кешенінде өтпек. Бұл күндері Шымқала төрінде нағыз күш, қайрат пен намыс сыналар сәттің куәсі боласыздар.

Байрақты бәсекеде еліміздің барлық өңірінен жиналған ең таңдаулы балуандар бозкілемге шығып, 16 салмақ дәрежесінде (ерлер – 8, әйелдер – 8) өз салмағының үздігін анықтайды. Бұл – спортшылар үшін тек жүлде жолындағы жарыс емес, ел намысы сынға түсер үлкен сын.

Чемпионаттың демеушісі – Sport Qory спортты қолдау қоры. Ел спортының дамуына үлес қосып келе жатқан қордың қолдауымен бұл дода жоғары деңгейде ұйымдастырылмақ.

Спорт кешені Шымкент қаласы, Қазиев көшесі, 2А мекенжайында орналасқан. Жарыстың басталуы – 24 қараша күні сағат 10:00-де, ал салтанатты ашылу рәсімі – дәл сол күні сағат 12:00-де өтеді.

Қазақ күресі – ұлттың рухы, елдің айбары. Сондықтан бұл чемпионат тек спорттық оқиға ғана емес, ұлттық құндылықты дәріптер мерейлі сәт болмақ.

Бозкілемде белдескен батырларға жанкүйер болып, ел чемпиондарын бірге анықтайық!