Әзербайжан астанасы Бакуде өткен қазақ күресінен XII әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бес алтын медаль жеңіп алып, ерлер және әйелдер арасындағы жалпыкомандалық есепте көш бастады.
Ерлер құрамасы 155 ұпай жинады. Алтын жүлделерді Рузимон Тугушев (55 кг), Ернұр Сүлеймен (60 кг) және Жұмажан Қожамбеков (74 кг) иеленді. Командалық есепте Грузия 145 ұпаймен екінші, Тәжікстан 120 ұпаймен үшінші орынға тұрақтады.
Қазақстан әйелдер құрамасы 141 ұпаймен үздік атанды. Сезім Өтеулі 65 келіде, Назерке Тілеуханова 77 келіде әлем чемпионы болды. Өзбекстан құрамасы 123 ұпай жинап, екінші орынды иеленсе, Грузия 115 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.
Екі күнге созылған жарысқа 24 елден 159 спортшы қатысты. Ерлер мен әйелдер арасында барлығы 16 салмақ дәрежесінде әлем чемпиондары анықталды.
Қазақстан бес алтын алғанымен, қалған 11 салмақта шетелдік спортшылар жеңіске жетті. Тәжікстан, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Иран және Италия балуандары да чемпион атанды. Жалпы алтын медаль жеті мемлекеттің өкіліне бұйырды.
Әлем чемпионатының бас демеушісі — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ. Демеушісі — Sport Qory спортты қолдау қоры.