ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШ БАЛУАНЫ БАКУДЕ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

22 Тамыз 2026
1

Бакуде өткен қазақ күресінен XII әлем чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасының үш балуаны алтын медаль жеңіп алды. Рузимон Тугушев 55 келіде, Ернұр Сүлеймен 60 келіде, Жұмажан Қожамбеков 74 келіде әлем чемпионы атанды.

Ерлер арасында барлығы сегіз салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынды. Қазақстандық спортшылар үш салмақта топ жарса, қалған бес салмақта Тәжікстан, Грузия және Әзербайжан өкілдері жеңіске жетті.

Тәжікстан құрамасынан Абдулфиз Мустафои 66 келіде, Навруз Каримзод 82 келіде алтын алды. Грузиялық Гиорги Кациашвили 90 келіде, оның отандасы Гиорги Чагелишвили 100 келіден жоғары салмақта үздік шықты. 100 келіде жарыс қожайыны Тунжай Шамил чемпион атанды.

Жарыс қорытындысында Қазақстан ерлер құрамасы 155 ұпаймен жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Грузия 145 ұпаймен екінші, Тәжікстан 120 ұпаймен үшінші орынға тұрақтады. Қазақстан мен Грузия арасындағы айырма небәрі 10 ұпай болды.

Бакудегі әлем чемпионатына 24 елден 159 спортшы қатысты. Жарыстың бас демеушісі — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, демеушісі — Sport Qory спортты қолдау қоры.