АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ: ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ БАСТАЛДЫ

28 Қазан 2025
1
Түркістан қаласындағы Olympic centre спорт кешенінде қазақ күресінен ересектер арасындағы Азия чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Бүгінгі Азия чемпионатына ерлер мен әйелдер арасында 16 салмақ дәрежесінде 12 мемлекеттен келген 150-ге жуық балуан боз кілемде кім мықтыны анықтамақ.

Салтанатты шараны Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев алғысөзбен ашып, жиналған спортсүйер қауымға өңір басшысының құттықтауын жеткізді. Ол қатысушыларды қазақ күресінен Азия чемпионатының басталуымен шын жүректен құттықтап, балуандарға сәттілік тіледі.

Бұдан кейін сөз алған Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов жиналған көрермендер мен жанкүйерлерге маңызды жаңалықты жеткізді – бүгін Ассоциацияның Атқарушы комитетінің отырысында Азиялық Qazaq Kuresi Ассоциациясы құрылғанын ресми түрде жариялады.

Ол өз сөзінде бұл бастама қазақ күресін Азия және Олимпиадалық кеңістікке шығаруға бағытталған тарихи қадамдардың бірі екенін атап өтті.

«Қазақ күресі – халқымыздың рухани қуаты мен ұлттық болмысын айқындайтын асыл мұра. Азиялық Ассоциацияның құрылуы – осы мұраны халықаралық деңгейде дәріптеудің және Олимпиадалық қозғалысқа жол ашудың нақты нәтижесі», – деді Дамир Әсенғазыұлы.

Өз кезегінде United World Wrestling ұйымының делегаты, Азия чемпионатының бас төрешісі Эдмар Абдулаев жарысқа дайындық барысын жоғары бағалап, қатысушыларға табыс пен сәттілік тіледі.

Айта кетсек, Qazaq Kuresi Ассоциациясының бастамасымен Әлем және Азия чемпионаттары, Әлем кубоктері мен халықаралық турнирлер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, қазақ күресінен 11 Әлем чемпионаты, 13 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогы, сондай-ақ 6 Еуропа чемпионаты мен 2 Африка чемпионаты ұйымдастырылған.

Азия чемпионаты 29 қазан күні өз мәресіне жетеді.

Қазақ күресінен ересектер арасындағы Азия чемпионатының бас демеушілері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және және Sport Qory спортты қолдау қоры.