АЗИЯЛЫҚ QAZAQ KURESI АССОЦИАЦИЯСЫ – ҰЛТТЫҚ СПОРТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ ШЫҒАРУ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАҢА ҚАДАМ
28 Қазан 2025
Поделиться
1
Түркістан қаласында өткен Qazaq Kuresi Ассоциациясының Атқарушы комитетінің отырысы қазақ күресінің даму тарихындағы маңызды белеске айналды.
Осы жиында Ассоциацияның бас директоры Дамир Бекбосынов Азиялық Qazaq Kuresi Ассоциациясының құрылғанын ресми түрде жариялап, оның мақсат-міндеттерін айқындап берді.
Жаңа құрылымның басты миссиясы – қазақ күресін Азия құрлығында жүйелі түрде дамыту, халықаралық аренадағы беделін арттыру және Олимпиадалық кеңістікке жол ашу. Бұл ұйымның құрылуы – ұлттық спорттың кәсіби және институционалды тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілуінің айғағы.
Дамир Бекбосынов мырзаның айтуынша, қазіргі таңда қазақ күресі Азияның 15-тен астам елінде дамып келеді және халықаралық жарыстарға тұрақты қатысушы мемлекеттер саны жылдан-жылға артуда. Ал жаңадан құрылған Азиялық федерацияның мақсаты – осы кеңістіктегі спорттық жүйені біріздендіріп, біртұтас даму стратегиясын қалыптастыру.
Қазақ күресін Азия ойындарының ресми бағдарламасына енгізу үшін төмендегі негізгі шарттар орындалуы қажет:
✅ Халықаралық федерацияның ресми танылуы;
✅ Азияның кемінде 25 елінде дамуы және 12 елдің ресми чемпионаттарға қатысуы;
✅ Континенттік федерацияның белсенді қызметі;
✅ Бірыңғай төрелік және жарыс ережелері;
✅ Медициналық және допингке қарсы саясаттың сақталуы;
✅ Ерлер мен әйелдер арасындағы тең мүмкіндіктердің қамтамасыз етілуі.
«Біз бұл бағыттағы жүйелі жұмысты бастап кеттік. Азиялық Ассоциацияның құрылуы – қазақ күресін Олимпиадалық спорт түріне айналдыру жолындағы шешуші қадамдардың бірі. Ендігі мақсат – барлық елдік федерацияларды ортақ даму платформасында біріктіру», – деді Дамир Әсенғазыұлы.
Жаңадан құрылған ұйым осы бағытта белсенді жұмыс атқарып, Азиядағы ұлттық федерациялардың өзара ынтымақтастығын күшейтетін болады.
Айта кетсек, қазақ күресінен ересектер арасындағы Азия чемпионатының бас демеушілері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және және Sport Qory спортты қолдау қоры.