БАКУДЕ 12 ЕЛ ҚАЗАҚ КҮРЕСІН БІРЛЕСІП ДАМЫТУҒА КЕЛІСТІ

21 Тамыз 2026
1

Қазақ күресінен XII әлем чемпионаты аясында Qazaq Kuresi қауымдастығы мен 12 елдің ұлттық федерация өкілдері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат қазақ күресін халықаралық деңгейде бірлесе дамытуға және федерациялар арасындағы тұрақты байланысты нығайтуға бағытталған.

Меморандумға Грузия, Үндістан, Филиппин, Иран, Италия, Қырғызстан, Литва, Молдова, Нидерланд, Польша, Тәжікстан және Индонезия өкілдері қол қойды.

Кездесуді Qazaq Kuresi қауымдастығының бас директоры Мейіржан Берекетов ашты. Ол ұлттық федерация басшылары мен спорт ұйымдарының өкілдеріне алғыс айтып, қазақ күресінің халықаралық дамуы үшін тұрақты әріптестіктің маңызын атап өтті.

«Біз әріптестеріміздің қазақ күресін дамытуға деген ықыласы мен ортақ жұмысқа белсенді араласуын жоғары бағалаймыз», — деді Мейіржан Берекетов.

Жиында Индонезиядағы қазақ күресінің дамуына да назар аударылды. Елдің ұлттық федерациясы UWW тарапынан ресми қауымдастырылған ұйым ретінде танылып, Индонезия аумағында қазақ күресін дамытуға жауапты құрылым мәртебесін алды. UWW-дің техникалық делегаты Онур Шимшек федерация басшылығына тиісті сертификатты табыс етті.

Кездесу қорытындысында тараптар ортақ жобаларды жүзеге асыруға, өз елдерінде қазақ күресін дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты. Осылайша, Бакудегі чемпионат спорттық жарыспен қатар ұлттық федерациялар арасындағы нақты келісімдерге де ұласты.

Әлем чемпионатының бас демеушісі — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ. Демеушісі — Sport Qory спортты қолдау қоры.