Әзербайжанның Баку қаласында қазақ күресінен ересектер арасындағы XII әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жарысқа келген ұлттық құрамалар өз мемлекеттерінің туларымен таныстырылды.
Ашылу рәсіміне халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері, ұлттық федерация басшылары, спортшылар мен жаттықтырушылар қатысты. Қазақстаннан бастау алған күрес түрінің әлемдік додасы бұл жолы 24 елдің 159 балуанын бір бозкілемге жинады.
Чемпионат бағдарламасына ерлер мен әйелдер арасындағы 16 салмақ дәрежесі енгізілген. Екі күн ішінде әр салмақтың жеңімпаздары анықталып, командалық есептің қорытындысы шығарылады.
Бакудегі жарыс Қазақстан мен Әзербайжанның спорт саласындағы байланысын жалғастырды. Сонымен қатар чемпионатқа келген ұлттық федерациялар өкілдері қазақ күресінің халықаралық дамуына қатысты мәселелерді талқылап, өзара әріптестікті кеңейтуге мүмкіндік алды.
Әлем чемпионатының бас демеушісі — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ. Демеушісі — Sport Qory спортты қолдау қоры.