«Балуан тас сапары»: Қазақ күшінің мәдени мұрасын жаңғыртқан алғашқы ғылыми-танымдық экспедиция

01 Қыркүйек 2025
1

Баянауылда жалпыреспубликалық «Қазақ күшінің картасы» жобасы аясындағы алғашқы «Балуан тас сапары» өтті.

Qazaq kuresi ассоциациясының қолдауымен «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы «Қазақ күшінің картасы» жобасы аясында алғашқы ғылыми-танымдық экспедициясын өткізді. 

«Балуан тас сапары» деп аталған бұл іс-шара қазақтың ұлы палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы ғұмырнамасына тиесілі тарихи тасты таныстыруға арналды.

Сапарға «Baluan tas» академиясы жанындағы журналистер пулы, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ жыршы-күйшілер қатысты. 

Экспедицияны Qazaq kuresi ассоциациясының басшысы, белгілі балуан Дамир Бекбосын және «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті, күш мәдениетін зерттеуші ғалым Абылайхан Қалназаров бастап барды.

Бір күнге созылған маршрут Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінде басталып, Мәшһүр Жүсіп Көпей кесенесіне зиярат жасаумен жалғасты. Онда А.Қалназаров өзі басып шығарған «Балуан тас» қостомдығын бұл кітапты жазуда әулие бабаның батыр-балуандарға қатысты жазбаларының пайдаланылғанын атап өте отырып Мәшһүр Жүсіп Көпей музейі қорына тапсырды. Оны атаның шөбересі, осы кесененің шырақшысы Әсет Пазылов қабыл алды. 

Одан кейін қатысушылар Баянауылдағы Қажымұқан көтерген әйгілі Қажымұқан тасына барып, оның тарихымен танысты. 

Сапар барысында осы тарихи жәдігер орналасқан Қаныш Сәтбаев музейінде арнайы салтанатты рәсім өтіп, оның директоры Қайыргелді Әбілғазинге А.Қалназаровтың аталмыш «Балуан тас» екі томдығы мен «Тас палуан» лақабымен танымал атлет, КИНЕС рекордтар кітабының рекордсмені Арман Сүлейменнің бірқатар темір-сымнан иілген жәдігерлері табысталды. Ал аймақтың Сабындыкөл жағасындағы табиғат аясында академияның тағы бір жобасы – «Күш лекциясы» ұйымдастырылып, Жасұлан Есімхан, Естеміс Мамырайхан сынды жыршы-күйшілер «Алпамыс», «Батыр Баян» секілді эпостар мен танымал күй-жырларды орындады. Кешкісін экспедиция мүшелері қайтадан Астанаға оралды.

Іс-шара барысында қатысушылар қазақтың батыр-палуан тұлғаларының рухани және күштік мұрасымен жақынырақ танысып, ұлы даланың ерлік дәстүрі мен ұлттық күш мәдениетінің мәнін сезінді. Қажымұқанның қолтаңбасындай болған Балуан тастың тарихын тану арқылы олар ұлттық мұраның жаңа қырын ашты. Сонымен қатар жергілікті палуандар мен басқа да балуан тастарға қатысты деректер мен мағұлыматтар хатталып, жинақталды. 

Шымкент қалалық қазақ күресі федерациясы жетекшісі Балтабай Асан қолдау білдірген бұл сапар – қазақ күшінің рухани-мәдени ізімен жасалған алғашқы экспедиция ретінде ерекше маңызға ие. 

Бұдан әрі Жамбыл облысы Шу ауданындағы Балуан Шолақ көтерген тас пен Ақмола-Көкшетау өңіріндегі бірқатар балуантастарға сапарлар жоспарлануда. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Қазақ күшінің картасы» жобасы алдағы уақытта балуан тастардың географиялық орнын картаға түсіруді, оларға қатысты аңыз-әңгімелерді жинақтап, ғылыми айналымға енгізуді, сондай-ақ жастарды тарихи палуандар өнегесі арқылы спорт пен азаматтыққа баулуды көздейді. Сонымен қатар жоба жаңа күштік-спорттық маршруттар ашу арқылы Қазақстанның брендтік-туристік әлеуетін арттыруға да үлес қоспақ.

Еске сала кетейік, аталмыш жоба биыл сәуір айында Ұлттық академиялық кітапханада «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы жұмысымен жоспарлары аясында таныстырылып, оның тұсаукесері сенатор Бибігүл Жексенбай жетекшілігіндегі «Бас редакторлар клубының» қатысуымен өткен болатын.