Басты стратегиялық мақсат: қазақ күресін Олимпиадалық спорт түріне айналдыру
29 Қазан 2025
Поделиться
1
Qazaq Kuresi Ассоциацияның ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаты – қазақ күресін Азия және Олимпиада ойындарының бағдарламаларына қосу. Бұл бағыттағы жұмыстар Олимпиадалық Кеңестің (OCA) талаптарына сай жүргізілуде. Бұл туралы ересектер арасындағы Азия чемпионаты аясында өткен Qazaq Kuresi Ассоциациясының жиынында хабарланды.
Qazaq Kuresi Ассоциациясы Олимпиадалық Кеңестің талаптарының басым бөлігін сәтті орындап отыр. Қазақ күресі Азияның 15-тен астам елінде дамып келеді, төрешілер UWW жүйесі бойынша лицензияланады, ал қазақ күресінің жаңартылған Ережесі халықаралық стандарттарға толық сәйкестендірілген.
Сонымен қатар электрондық тіркеу, медициналық бақылау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі енгізілді. Бұл нәтижелер қазақ күресінің халықаралық аренада жүйелі түрде мойындалып келе жатқанын айғақтайды.
Дамир Әсенғазыұлы шара барысында шетелдік федерацияларға 2026 жылдан бастап міндетті түрде ересектер арасындағы ел чемпионатын жылына 1 рет өткізуді, әр тоқсан сайын ZOOM платформасы арқылы жиналысқа қатысуды тапсырды.
????Біздің стратегиялық бағытымыздағы басты мақсатымыз – әр шетелдік федерацияның өзінің ұлттық олимпиадалық комитетімен мойындалуы және де мемлекеттік спорт түрлері реестріне қазақ күресін енгізу. Осы жолда сіздерді табысты жұмысты атқарасыздар деген сенімдемін. United World Wrestling-тің мүшелігінде болу да біз үшін маңызды. Себебі, біз халықаралық жарыстарымызды осы ұйымның аясында өткіземіз. Алдағы уақытта қазақ күресінің әдістемелік базасын, қауіпсіздік нұсқаулығын және қазақ күресінің жаңартылған Ережесін ресми сайтымызда жариялаймыз. Сондай-ақ қазақ күресінің 100 жаттығу видео нұсқаулығын дайындауды жоспарладық. Ассоциация тарапынан үнемі жан-жақты қолдау білдіруге дайынбыз, - деп сөзін қорытындылады Дамир Бекбосынов.
Айта кетсек, қазақ күресінен ересектер арасындағы Азия чемпионатының бас демеушілері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және және Sport Qory спортты қолдау қоры.