Дели қаласында Әлем чемпионатының салтанатты ашылуы өтті

26 Ақпан 2025
1

Үндістанның Дели қаласында қазақ күресінен ересектер арасында өтіп жатқан Әлем чемпионатының салтанатты ашылуы өтті.

Салтанатты шараға Үндістанның Қазақ күресі ассоциациясының президенті Хариш Тяги, еркін күрестен Лондон - 2012 олимпиадасының қола жүлдегері Йогешвар Дутт және UWW техникалық делегаты Онур Шимшек қатысты.

Өз кезегінде сөз алған Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов ұлттық құндылығымыз болып табылатын қазақ күресін халықаралық аренада насихаттайтын бұл чемпионаттың маңыздылығын тілге тиек етті.

- Үндістан қазақ күресін белсенді түрде дамытып жатқан елдердің бірі. Қазіргі уақытқа дейін Үндістанда қазақ күресінен төрт рет ел чемпионаты өткен екен. Сіздердің күресімізге жоғары қызығушылық танытып жүргендеріңіз біз үшін үлкен мақтаныш! Екіжылдықтың басты додасының ақтық белдесуінде күресетін балуандарға сәттілік, ал көрермендерге жарқын эмоция тілеймін, - деді Дамир Әсенғазыұлы.

Шара барысында UWW техникалық делегаты Онур Шимшек Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосыновтың UWW ұлттық күрес түрлері комитеті атқарушы кеңесінің мүшелігіне қабылданғанын жариялады.

Айта кетсек, әлемнің 40-тан астам елінде қазақ күресінің федерациялары жұмыс істейді. Бүгінге дейін қазақ күресінен 10 Әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогы және 6 Еуропа чемпионаты өтті. Ал 2023 жылы қазақ күресі Эр-Рияд қаласында өткен Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына тұңғыш рет енді.

2024 жылғы 5-ші ДКО аясындағы қазақ күресінің жарысына 46 мемлекеттің 300-ден астам спортшы қатысқан болатын. Сөйтіп, қазақ күресі кешенді ойындардағы ең көп спортшы қатысқан спорт түрі болып танылды. Шетелдік спортшылар бұл додада жоғары бәсекелестік көрсетіп, түрлі деңгейдегі 48 медальді жеңіп алды.

Әлем чемпионаты 27 ақпан күні өз мәресіне жетеді.

Әлем чемпионатының демеушілері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы және Sport Qory cпортты қолдау қоры.

Үндістан, Дели қ.
"Тьягарадж" ұлттық стадионы.