ЕРНҰР СҮЛЕЙМЕН БАКУДЕ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

23 Тамыз 2026
1

Ернұр Сүлеймен қазақ күресінен ересектер арасындағы XII әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салды. Балуан Бакуде өткен жарыста 60 келі салмақ дәрежесінде топ жарды.

Ернұрдың жеңісі Қазақстан ерлер құрамасының жалпыкомандалық есепте бірінші орын алуына үлес қосты. Ұлттық құрама чемпионатты үш алтын медальмен аяқтап, 155 ұпай жинады. Грузия құрамасы 145 ұпаймен екінші, Тәжікстан 120 ұпаймен үшінші орын алды.

Бакудегі ерлер бәсекесінде сегіз салмақтың жеңімпаздары анықталды. Ернұр Сүлейменнен бөлек, қазақстандық Рузимон Тугушев 55 келіде, Жұмажан Қожамбеков 74 келіде әлем чемпионы атанды. Қалған бес салмақтың алтыны Тәжікстан, Грузия және Әзербайжан балуандарына бұйырды.

Ернұр чемпионат күндері Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігінде ұйымдастырылған дауыс беруге де қатысты. Ұлттық құрама мүшелері елшілік жанындағы №426 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.

Жарыстың бас демеушісі — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, демеушісі — Sport Qory спортты қолдау қоры.