Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына атсалысқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады

02 Қазан 2024
1

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлері, олардың жаттықтырушылары, сондай-ақ халықаралық спорт шарасын ұйымдастыруға және өткізуге ерекше үлес қосқан азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Атап айтқанда, 1 адам «Парасат» орденінің және 7 азамат «Құрмет» орденінің кавалері атанды. «Ерен еңбегі үшін» медалі 85, ал «Шапағат» медалі 5 адамға берілді.

Айта кетейік, 8-13 қыркүйек аралығында елордада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлері бойынша ең ірі халықаралық жарыс өтті.

Астанада ауқымды жарыстарды өткізуге үлес қосқан еріктілер марапатталған болатын.