Павлодардағы республикалық турнирде 9 салмақ бойынша чемпиондар анықталды

16 Мамыр 2026
1

Рымтай Ізбастинді еске алуға арналған қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирде 9 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталды.

Павлодар қаласындағы «Баянтау» спорт сарайында өткен додаға 2009-2010 жылдары туған жас балуандар қатысты. Екі күнге созылған жарыста спортшылар -50 келіден бастап +90 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде бақ сынады.

50 келі салмақта Павлодар облысының өкілі Расул Шарапхан топ жарды. Екінші орынды Қуаныш Жұмабеков иеленсе, Абдулла Өмей мен Нұрболат Бақытұлы қола жүлдегер атанды. Бұл салмақтағы жүлделі орындардың барлығы Павлодар облысының балуандарына бұйырды.

55 келіде Абай облысының спортшысы Ералы Қанатбеков чемпион атанды. Павлодарлық Арман Қалиев күміс жүлдеге ие болса, қола медальдарды Абай облысының балуандары Рахим Мәуітқазиев пен Ерназар Серікбосын жеңіп алды.

60 келі салмақта Алматы қаласының өкілі Бекнұр Болат жеңімпаз болды. Павлодар облысының балуаны Аян Жәнібекұлы екінші орыннан көрінді. Әзиз Жантеміров пен Сабыржан Сәрсенбай қола жүлдені иеленді.

65 келіде Абай облысының балуаны Ілияс Балтақаев қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды. Бұл салмақта Астана қаласының өкілі Әлихан Смағұл күміс медаль алса, Әмір Мұратов пен Нұрасыл Амантұр қола жүлдегерлер қатарынан көрінді.

70 келіде Астана қаласының өкілі Ислам Ұзақбай бірінші орын алды. 76 келіде Павлодар облысының балуаны Санжар Амангелдинов жеңімпаз атанса, 82 келіде Астанадан келген Әлижан Ырсаев чемпион болды. 90 келіде Абай облысының спортшысы Аңсар Арманұлы топ жарды. Ал +90 келіде Қарағанды облысының өкілі Әлішер Салық жеңімпаз атанды.

Жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына демеушілердің қолдауы да ерекше ықпал етті. Дәстүрлі турнир «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы және Sport Qory туризм индустриясы мен спортты қолдау қорының демеушілігімен өткізілді.

Бұл нәтижелер турнирдің географиясы кең екенін көрсетті. Павлодар, Абай, Астана, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының балуандары жүлделі орындардан көрініп, жасөспірімдер арасындағы қазақ күресінің өңірлерде қарқынды дамып келе жатқанын дәлелдеді.