ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Жақытқа спорт министрінің құттықтау хаты табысталды

15 Қаңтар 2025
1
Тараз қаласында қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында қазақ күресінің ардагері Марат Жақитқа құрмет көрсетілді.

Білекті балуандар бәсекесі КСРО-ның және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Марат Нұрмұхамбетұлы Жақыттың 80 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр. Осы орайда, Министр саналы ғұмырын ұлттық күреске арнаған Марат Нұрмұхамбетұлына Құттықтау хатын табыстады.

Марат Жақыт — 20 жыл Қазақстан, 10 жыл КСРО құрамасын басқарып, спортқа зор еңбек сіңірген тұлға. Ол жалпы 2 еңбек сіңірген спорт шеберін, 25 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 130 спорт шеберін тәрбиелеген.

Айта кетейік, балуандар ел біріншілігінде 16 салмақ дәрежесінде бақ сынап жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының демеушілері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және Sport Qory cпортты қолдау қоры.