Қазақ күресінен Бакуде өткен XII әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасының екі балуаны алтын медаль жеңіп алды. Сезім Өтеулі 65 келіде, Назерке Тілеуханова 77 келі салмақта әлем чемпионы атанды.
Әйелдер арасында сегіз салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынды. Қазақстан құрамасы жарыс қорытындысында 141 ұпай жинап, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Өзбекстан 123 ұпаймен екінші, Грузия 115 ұпаймен үшінші орынға тұрақтады.
Жеке салмақтардағы алтын саны жөнінен Өзбекстан құрамасы алға шықты. Мубинабону Валиджонова 52 келіде, Севинч Тошпулатова 56 келіде, Тилло Хонимкулова 60 келіде жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ 48 келіде Иран өкілі Шива Алишах Джахангири, 70 келіде әзербайжандық Гүнел Гасанлы, ең ауыр салмақта италиялық Элеонора Гетти алтын иеленді. Осылайша, әйелдер арасындағы әлем чемпиондары бес мемлекеттің өкілдерінен құралды.
Сезім Өтеулі мен Назерке Тілеуханованың жеңісімен Қазақстан құрамасының Бакудегі алтын медаль саны беске жетті. Ерлер арасында бұған дейін Рузимон Тугушев, Ернұр Сүлеймен және Жұмажан Қожамбеков чемпион атанған болатын.
Чемпионаттың бас демеушісі — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ. Демеушісі — Sport Qory спортты қолдау қоры.