ТАРАЗДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ҚР ЧЕМПИОНАТЫ АЯҚТАЛДЫ

11 Қараша 2024
1
«Тараз-Арена» спорт кешенінде өткен байрақты бәсекеге Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен 17 облысынан келген 450-ден астам балуан сайысып, кілемде кіл мықтыны анықтады.

Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов соңғы жылдары төл күресіміздің серпінді дамып келе жатқанын атап айтып, бұл чемпионаттың маңыздылығына тоқталып өтті.

– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Соның ішінде ұлттық брендіміз – қазақ күресінің орны бөлек. Атап айтқанда, әлемнің 40-тан астам елінде қазақ күресі федерациялары жұмыс істейді. Атап айтқанда, әлемнің 40-тан астам елінде қазақ күресі федерациялары жұмыс істейді. Бүгінгі таңда қазақ күресінен 10 Әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогы, 6 Еуропа чемпионаты өтті. Ал 2023 жылы Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына тұңғыш рет енді.

Балуандарымыз биыл Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында үздік нәтиже көрсетіп, 12 алтын,
1 күміс, 2 қола медаль иеленді. Спортшыларымыздың халықаралық додаларда топ жарып, ұлт абыройын асқақтатып жүргені біз үшін үлкен мақтаныш! Бүгінгі жарыс сақа балуандармен қатар жас спортшылардың тәжірибесін жетілдіріп, салауатты, белсенді өмір салтын кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақтың қазақ күресіне деген қызығушылығын арттырады деп сенемін, – дей келе Ербол Қуантайұлы жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

Білекті балуандар бәсекесі КСРО-ның және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Жақыт Марат Нұрмұхамбетұлының 80 жылдық мерейтойына орайластырылғанын атап өткен жөн. Осы орайда, министр саналы ғұмырын ұлттық күреске арнаған Марат Нұрмұхамбетұлына Құттықтау хатын табыстады.

Айта кетсек, Марат Нұрмұхамбетұлы 20 жыл бойы Қазақстанның, 10 жыл бойы КСРО-ның құрамасын басқарып қазақ спортына зор еңбек сіңірген тұлға. Марат Жақыт жалпы 2 еңбек сіңірген спорт шеберін, 25 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 130 спорт шеберін тәрбиелеген.

Бұдан кейін сөз алған Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов өңір басшысының құттықтауын жеткізіп, мерейтой иесі Марат Жақыттың иығына шапан жапты.

Өз кезегінде Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов көрермендерді чемпионаттың басталуымен құттықтап, Жамбыл облысында төл күресімізді дамытып насихаттауға өзіндік үлестерін қосып жүрген бір топ азаматты Qazaq Kuresi Ассоциациясының Алғыс хатымен марапаттады.

Үш күнге созылған Қазақстан Республикасы чемпионатының бағдарламасына сәйкес, балуандар 16 салмақ дәрежесінде сынасқан болатын.

Тартысты өткен белдесулердің нәтижесінде ерлер арасында Архат Баймурзинов (55 кг., Қостанай облысы), Нұртілек Қаракесеков (60 кг., Ұлытау облысы), Нұрғали Тұрсынғазиев (66 кг., СҚО), Тілек Тоқтасынұлы (74 кг., Жетісу обл.), Асылжан Кәрім (82 кг., Түркістан обл.), Айдар Бескемпір (90 кг., Жамбыл облысы), Ерсұлтан Мұзаппаров (100 кг., Шымкент қаласы), Қайсар Шамшидинов (+100 кг., Түркістан облысы), Мұхтар Дәлелханулы (Түйе балуан, Павлодар облысы) ҚР чемпионатының жеңіс тұғырынан көріне білді.

Әйелдер арасындағы белдесулер де көпшіліктің көңілінен шыққаны сөзсіз. Атап айтқанда, Іңкәр Құралбай (48 кг., Жамбыл облысы), Сағат Байғараева (52 кг., Жамбыл облысы), Ақнұр Асылбекова (56 кг., Жетісу обл.), Бакыт Құсакбаева (60 кг., Ақтөбе обл.), Ұлдана Таңжарықова (65 кг., Жамбыл обл.), Ақбота Қыдырәлі (70 кг., Түркістан облысы), Аружан Жандарбай (77 кг., Атырау облысы) және Арайлым Шегенова (+77 кг., Жамбыл облысы) жеңістің бірінші сатысына көтерілді.

Ал жалпыкомандалық орындарға келер болсақ, қоржындарына 5 алтын, 3 күміс және 9 қола медаль салған Жамбыл облысы топ жарды. Өз кезегінде 3 алтын және 1 қола медальға ие болған Түркістан облысы екінші орынға тұрақтады. Ал 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медальға қол жеткізген Жетісу облысы үздік үштікті түйіндеді.

Естеріңізге сала кетейік, қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының демеушілері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және Sport Qory cпортты қолдау қоры.

Qazaq Kuresi Ассоциациясы.