Турнирдің салтанатты ашылуында өңір дамуына үлес қосқан тұлғаның еңбегі ұлықталды

14 Мамыр 2026
1

Павлодарда өткен Рымтай Ізбастинді еске алуға арналған республикалық турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Ұлы Отан соғысының ардагері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Рымтай Ізбастиннің еңбегі ерекше аталды.

Ашылу рәсімін Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов алғысөзбен ашты. Ол өңір басшысы Асайын Байхановтың құттықтау хатын оқып, Рымтай Ізбастиннің Баянауыл ауданы мен Павлодар облысының дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.

Серік Батырғожинов жас спортшыларға сәттілік тілеп, турнир ұйымдастырушылары мен демеушілеріне жастар арасында қазақ күресін насихаттауға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Сонымен қатар, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов пен Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Мейіржан Берекетов қатысушыларға ізгі тілектерін жеткізді. Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков те турнирге шақырту үшін алғыс білдіріп, Павлодар облысында спортты дамытуға қосқан үлесі үшін Рымтай Ізбастиннің ұлы Марат Ізбастинге естелік кәдесый табыстады.

Салтанатты шара мен жарыстың жоғары деңгейде өтуіне демеушілер де үлес қосты. Айта кетейік, дәстүрлі турнир «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы және Sport Qory туризм индустриясы мен спортты қолдау қорының демеушілігімен өткізілді.

Бұл турнирдің мәні тек спорттық нәтижемен шектелмейді. Ол елге еңбегі сіңген тұлғаның атын ұлықтау, жас ұрпаққа өнеге көрсету және ұлттық спорт арқылы тарихи жадыны жаңғырту мақсатын да көздейді.

Рымтай Ізбастинді еске алуға арналған жарыс жас балуандарға тек жеңіс үшін күресуді емес, елге қызмет еткен азаматтардың жолын құрметтеуді де үйретеді. Осы тұрғыдан алғанда турнир спорттық әрі тәрбиелік маңызы бар дәстүрлі шараға айналды.